31.05.2022
  202


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Малшылар мерекесіне

Шалқысын қыр да бүгін, ой да бүгін,
О, менің құт мəйегім, қойлы ауылым.
Тасқынды табысыңды тарту етіп,
Мерейлі мерекеңді тойла бүгін.
Қызығын еңбегінің көрген жері,
Елінің мақтан тұтып сенгендері.
Төріңде «маршалдарың» отырсын бір,
Төсінде жарқ- жұрқ етіп ордендері.
Бүгін күн жарасады қуанғаның:
Алты рет қатарынан ту алғаның.
«Еңбеккер сертке берік халық» - деген,
Еліңнің сенімінен шыға алғаның.
Аптығып кейбіреуше белеңдемей,
Жарысса жалғыз өзім жеңем демей.
Шықты əне, саңлақ көшін Қоншық бастап,
Отыз жыл бір деңгейден төмендемей.
Құтты болсын абырой атақтарың,
Айтайын жүлдегерлер атап бəрін:
Сансызбай, Қалидолда, Адай, Борхү,
Бөдлө, Баймұхамет, Бақаттарым!
Ғылымхан, Əбілмəжін, Пилэн, Шəріп,
Ықылас, Күжікейлер топты жарып.
Баймұрат, Қадыл, Жақыш, Əнес, Серхан,
Айша мен Цэцэг шықты дараланып.
Сейсенбай екінші рет ер екенін,
Көрсетті: бəрін шешер тер екенін.
Мерейің үстем болсын жүлдегерлер,
Ішінде, барша халқың берекенің.
Өзгеден бүгінгі күн, тойда басқа,
Сауық та салтанатты, ой да басқа.
Төгіліп кемерінен тасқындаған,
Бола ма бақ дəулетті тойламасқа!
Даланың құлпырсын деп ертең өңі,
Ерлерің сол үшін де тер төгеді.
Аймағым - алтын ордам, мақтанышым,
Бола бер жылдан жылға мəртебелі!





Пікір жазу