31.05.2022
  140


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Аза

Томпаңдаған, көз нұрым, қызығым-ай,
Қысқа ма еді осынша сызығың - ай.
Аспанымда жарқ еткен бір жұлдыз ең,
Ағып түстің тым ерте үзіліп-ай.
Мен не дейін тағдырға, мен не дейін,
Іші-баурым өртеніп дөңгелейін.
Сені бізге беріпті, ғайып құсы,
«Көріп қана қайтып бер» дегендейін.
Тым ертерек қызығым жамырады-ау,
Пана болмай үйдағы қаңырады-ау.
Емшек сүті құйылып қонышына,
Анаң байғұс неше күн аңырады-ау!
Қызықтаушы ем ұзақ түн ұйықтамай,
(Қара жерге берді екем қиып қалай?)
Маңдайыма сыймаған құлыншағым,
Қарыс жерде жатырсың сыйып қана-ай!
Өзіңдағы тəтті едің бүлдіргендей,
Не белгің бар: бізбенен бір жүргендей.
Түсім дер ем, момақан төмпешігің,
Болғаныңды сол ғана білдіргендей.
Сенің гүлің мезгілсіз солмағанда:
Мұңлық жырын жүрегім толғаған ба?!
Уатылып қайғыңнан кетер ме едім,
Уататын ағайын болмағанда!





Пікір жазу