31.05.2022
  134


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Жұт

Ауыл:
Боз қыраулы бозша талдар сіресіп,
Тыз - тыз етіп қылыш аяз тұр есіп,
Кереге бой жал - жал үйме күресін:
Шығатының - бір есік,
Кіретінің - бір есік.
Қараша үйде:
Күрк-күрк жөтел көз ілдірмей тыншын ап,
Ауру жатыр көкірегін мұң шалып.
Қарлы құйын жалпылдатып жапаны,
Ит ұлиды қыңсылап.
Жалғыз сиыр сіңірін созып баспайды,
Жетімдерге жалап - жұқтар ас қайғы.
Жалаңаш от бір жанады, бір сөніп,
Барлық үміт көк көжеден аспай тұр.
Шаңқан үйде:
Айдан асты ығып кеткен мал қайда,
Бөрі азуы бөлінгенді талғай ма?
Ер тоқыммен қара ат келді, бай қайда?
Іздейтұғын хал қайда?
Дар айырып отқа жағып желегін,
Тоқал кетті.
Бəйбішенің өлеңі:
«Сүйреп барып көң кораға көме сал,
Шуаш исін иіскеп жатып өлемін!»





Пікір жазу