Қуаңшылық
Туған жер, сені қалай жыр етпейін,
Түтіккен түріңді бір суреттейін.
Татырың шыт - шыт болып айырылып,
Тауың тұр тұзға піскен сүрі еттейін!
Даланың сұрқы мынау қашып кеткен,
Көзден бір бұлбұл ұшып ғашық көктем.
Қыртысы қара жердің құмға айналып,
Қызыл тас күллі өңірді басып кеткен.
Кешегі шалғын төскей, қияқты қыр,
Жарамай ат арқанға «ұятты» бір.
Шаңытқан ақшыл тартып аспаны да,
Бозарып оңып кеткен сияқты бір.
Сай - сайдан бұлақ қайда құлап аққан,
Қу татыр, шалғыны жоқ сұлап жатқан.
Ат салып азар өтер Бұлғын анау-
Жыбырлап шала жансар жылап аққан!
Сулары орта түсіп шарасынан,
Қулары жазыла алмай жарасынан.
Жаның бір күйзеледі:
Жан біткеннің,
Телміріп шөкім бұлтқа қарасынан,
Үзілмес шіркін үміт, медеуің - ай,
(Керек ед көңіліңді аулап не деуім - ай),
Бір тамбай бедірейіп өте шыққан,
Ақша бұлт, осығұрша бедеуің - ай!
Көркіңді жырға қосып қаншама ақын,
Саяңда сайрап бұлбұл əн салатын.
Кезеріп, сол өлкенің құты қашып,
Секілді ернін жалап тамсанатын.
Жаз болып жазыла алмай қиындады,
Ауылдың тозғындаған шиыр маңы.
Тасырқап бүгжектейді қия баспай,
Шілдеде жемге қарап сиырлары.
Тұрған соң табиғатта басым қайғы,
Қабағы жан біткеннің ашылмайды.
Күндіз-түн шаң көтеріп, құм суырып,
Аңызақ ыстық үргін басылмайды...
Саған деген махаббат солмағанға-
Сілкініспен шығамын жолға əманда.
Телім болып ит тірлік кетер ме еді,
Халқым сенің қажырың болмағанда!