Жомарт күз
О, Алтын күз, көтерер бір еңсені,
Қайнаған қызу еңбек білем сені.
Тер исі, жусан исі шомылдырған,
Аңқиды алқаптарың күреңселі.
Жайқалтып, Диқан-күзім, егісіңді,
Жасайсың маңдай термен жеңісіңді.
Қырыңа қия бассам, жомартым-ай,
Тосасың аузыма əкеп жемісіңді.
Қоңды күз, қоңыр жоның қой қаптаған,
Бес түлік ой-қырыңда ойнақтаған,
Көктемгі көтеремнің таңы айырылып.
Байлығың көз жеткізіп бойлатпаған.
Аспаның тырна əнін тыңдатады,
Дамылсыз шаруамен күн батады.
Далаңда алтын астық ырғатылып,
Сары ала масақ мұртын ширатады.
Көктемде құт қойныңды іздеп келген,
Құстар да қайтып жатыр тізбектелген.
Қауындар торсық шеке топырлайды,
Алмалар үзіледі қыз беттенген.
Кешегі ұмытылып арықтығы,
Тоғайып Жер семіріп қарық бүгін.
Келе бер бақытты елге байлық сыйлап,
Бейбіт күз, шаруақор жарықтығым!