31.05.2022
136
Күрті
Мұз еріп, жəйбарақат жылап ағып,
Бірде орғып, бірде кілкіп тына қалып.
Желігіп желіленген саумал сулар,
Əпсəтте-ақ құйқылжиды құлаланып.
Кезіккен: шықыр етіп, күтір етіп,
Секілді жолын жайпап бітіретін.
Зіл-зала, құныперен құлап жатыр,
Тауды теңсеп, аспанды тітіретіп.
Мұзтаудың тентегі осы-Күрті деген,
Дауысы күндік жерден күркіреген.
Ақбұйра аждаһа өзен допша қуып,
Үйдей-үйдей қойтастар дүркіреген.
Көргем жоқ алапат күш зор мынадан,
Қақ жарып қара тауды орғылаған.
Қойны-кең, аңғары-аң, жары-жидек,
Іркіті іркілдеген қорлы сабам!
Бір жырын көкіректің толғасам да,
Шығамын аңсауменен жолға сонда.
Қос арна қосылғандай күй кешемін,
Ол-Терек16, Мен-Лермонтов болмасам да!