31.05.2022
  134


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Қарлығаштың күйік шалып қанатын

Қарлығаштың күйік шалып қанатын,
Туған шақта Ел басына қара түн.
Біздер едік қырқыншы жыл ұрпағы,
«Қара қағаз» оқып ашқан сауатын.
Мезгілінен ерте есейген шерменде,
Тірі жетім, көрмегенді көргендер.
Бала жаста бала болып өсе алмай,
Балғын шағын құрбандыққа бергендер.
Жамау шарық, сіркелеген жүн-кенеп,
Талғау етер табылмайды ұн-кебек.
Болсақтағы қауақ қарын, ши борбай,
Арқалаған азап жүгін тылда Ер ек...
Бүгінгі сол-аппақ бурыл Тарландар,
Артынан да алды жақын қалғандар,
Жас қозыдай ене уызын ембеген,
Есіл шағын əлі күнге армандар!
Құрбан болған бала шағын армандар!





Пікір жазу