31.05.2022
  238


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Тілім-пірім

Пір тұтатын əулием, Ана тіл-ау,
Ана тіл-ау, ұшатын қанатым-ау,
Жүйріктейін қан түскен аяғыңа,
Жүдеу тартып күн сайын барасың-ау!
Жаутаң-жаутаң етесің есіл тілім,
Есіл тілім, барады не боп күнің?
Жарқ-жұрқ еткен жалынды мынау шақта,
Неге бəсең шығады сенің үнің?
Сенің күйің болса да еліңе сын,
Мінбелерден тым сирек көрінесің.
Есіктегі кірмелі құл емессің,
Шықпай жүрсің неге сен төріңе шын?
Заманың сай болса да құты басым,
Бүйте берсең тозғындап жұтыласың.
Кеңсе, іс-өз тілінде сөйлей алмай,
Жиындарда ресми «тұтығасың».
Қалмасаң да дамыстың еш көшінен,
Зəбір жасап кімімен шектесіп ең?
Өз үйіңде кім сені өгейсітіп,
Кім шеттетті сабақтың кестесінен?
Бақытқа мас бабамның кей «шешегі»,
Сеніменен тілмаш сап сөйлеседі.
«Жалғыз белден аспайды» деп мұқатып,
Қолын сілтеп: «Əй, оны қой» деседі.
Бір бел емес, білсең сен Айда жүрсің,
Бағаңды біл, бағыңды байлап жүрсің,
«Негізгі заң» ұсынған еркің қайда,
Сыбағаңнан құрғалып қайда жүрсің?
Ұрпақтардан - ұрпаққа жалғасулы,
Артқа тастап келіп ең сан ғасырды.
Кім шектеді еркіңді мұжықсынып
Көрсет, кəне, көзіме алдашыңды!
Ана тілім, сен үшін өлімдімін,
Сенің күнің - емес пе менің күнім.
Халқым өшіп кетпесе бұл тарихтан,
Сен де өлмессің дегенге сенімдімін!





Пікір жазу