31.05.2022
  149


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Естисің бе, даусымды?

Өткерсем де сан тозғын, қырқысуды,
Түгендесең аз емес түр-түсімді.
Шартарапқа тағдыры шаша салған,
Менің халқым шашудың құрты-сынды.
Кемшілік те бар менде, теңшілік те,
Өмір көшім жүрмеген Жөншілікке,
Жарты елінде Əлемнің жартым жүрсе-
Жібермеген ешкім де елшілікке!
Көбейді «аға», онда да көбейді «інім»...
Өз жұртындай өзгені жебейді кім?!
Қанша бауыр бассаң да қоймас, сірə,
Өгей емшек істемей өгейлігін!
Тап-тұйнақтай өзгенің жұрты-сынды,
Біріктіре алмадым пір - күшімді.
Момын едім, тарихтың өзі үйретті,
Қамшы үйіріп, жағаны жыртысуды.
Кіналама, жақсым не, жаманым не,
Соның бəріне айыпты заманың де,
Ұланғайыр өлкеме кетсем сыймай,
Сыйдырмаған тағдырға амалым не?
Жанда - рух, бойда-қан күшіменен,
Мазалаймын Ата жұрт, түсіңе енем.
Іздегендей үйірін енді-енді,
Естисің бе даусымды кісінеген!





Пікір жазу