31.05.2022
173
Қазақтың көтеріліп шаңырағы
Қазақтың көтеріліп шаңырағы,
Белгісіз қашан Ел боп танылары.
Сиярдай сан патшалық жерімізге,
Аз емес халқымыздың саны дағы.
Жеке ел боп ұйымаппыз сондадағы,
Білмедім бақтың неге қонбағанын?
Келмейтін ширегіңе талай көршің,
Ұлыс боп өз алдына қомданады.
Жақ-жақ боп ру-ру тұйықтаған,
Ыдырап сол себепті сұйықтаған.
Би болып бас-басына күпінгендер,
Берекелі ел етіп ұйытпаған.
Қастасып, бақталас боп бас аманда,
(Қашанда дұшпаны көп жасанғанға).
Қазақты ала алмаған сырттың жауы,
Өз жауы өз ішінде қашаннан да!
Шашылдық сол себепті ақ тарыдай,
Байтақ ел боп басына бақ дарымай.
Ұлыс боп енді ғана оянғанда,
Көлденең көк аттыдан сақта құдай!