Бір досқа
Түсінбедің дедің оған, өкпеледің бір демде,
Өзге түгіл, өзіңді-өзің түсіне алмай жүргенде.
От сезімнің атойы бар ағыл-тегіл жасыңда,
Қара бұлттай қайғы бар деп қалай ұқсын басыңда.
Көз жасыңның кермек дəмі татып тұрған күлкіңде,
Көкірегіңнің шаттығы бар деп түсіну мүмкін бе?
Шығар болсаң биіктікке:
шапақ та үйір, бұлт үйір,
Көрінерсің біреуге-алып,
ал біреуге-бір түйір...
Сəттер де бар:
жасықты ер, батылдықты ез еткен,
Дес бермеде алтын өтпей,
жылтыраған жез өткен.
Сəттер де бар:
қас тұлпарлар жабы шаңын құшатын,
Сəттер де бар:
қас сұңқардан қарға биік ұшатын.
Бір көрмеге жерік болып
қайран, қайран нұр мүсін,
Жалт еткен бір сəттерге осы алданып
қап жүрмісің?
Тұяқ тепсең өз тұғырың биік тірек еді ғой,
Жырақ кетсең «су мұрның» сүйіктірек еді ғой...
...Түсінбедің сен де оны, өкпеледің бекерге,
Көйлек кірі кеткенімен, көңіл кірі кетер ме?