Мұхтар тойында
О, ұлы жан! Сан жүрекке сəбиіндей бөленген,
Нар тұлғасын парасаттың биігінен көрем мен.
Көз алдымда: кең даланың самғап өтсе қыраны,
Сол суреттей, ұлылықтың бір бейнесі тұрады.
Өлмепті ғой, шаттана бір қараңдаршы, ағайын,
Əне, Мұқтар əлем шарлап қыдыртып жүр «Абайын».
Бір жүрегін ғасыр бойы сан мың жүрек ұрлайды,
Халық жырын жырлады ол, халқы да оны жырлайды.
Дария еді - ау! Дария суын сарықа ма, тауыса ма,
Тірлігінде бітірген іс, тындырған іс қаншама?
Ойхой, дүлдүл, уақыттан да озып кеткен екен ғой,
Солайша бір, аз ғұмырын созып кеткен екен ғой.
Дархан жаны кең жазира дала болып қалыпты,
Бала болып өтіпті де, дана болып қалыпты.
Кіші болып өтіпті де, ұлы болып қалыпты,
Сондықтан да бар жүрекке жылы болып қалыпты.
Эх, көңілде толмас арман: биік болып шоқтығы,
Бұл тойында төрде отырар сол ағаның жоқтығы.
Жоқ, жоқ, сезім! Өгейсіме, құлазып бір көрінбе,
Отыр Мұқаң өз орнында - бар жүректің төрінде!