31.05.2022
  135


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Нәрін - тау

«Нəрін тау, қайран тау,
Қалдың кейін сайран тау,
Жалғыз қойым қоздаса,
Ішуші едім айранды-ау».
Болашаққа сыйлаған,
Осынау жыр жолдарын.
Қайран бабам қимаған.
Емес пе едің сол Нəрін.
Аязға бет өпкізген,
Ақпаныңды сағындым.
Сауықпенен өткізген,
Ақ таңыңды сағындым.
Анашымдай аңқылдақ,
Жаздарыңды сағындым.
Қаздар қонар қаңқылдап,
Саздарыңды сағындым.
Жезделердің шымшыма,
Əзілдерін сағындым.
Жеңгелердің мың шұға,
Наз үндерін сағындым.
Ақ бұлт шөккен аймалап,
Асқарыңды сағындым.
Сауық қуған қайдалап,
Жас-кəріңді сағындым.
Құрбыларым бармысың,
Ақтармаған сырларым.
Аңсап келем, армысың,
Айналайын, Шың - Нəрін!
Өзіңді, кеш ұғыппын,
Балалығым қалғанын
Қойынында Құдықтың,
Қорығында Памбаның.
Таусылды бек тағатым,
Құс боп шарлап ұшайын.
Оу, Зұсылың, Даваатым,
Баурайыңды құшайын.
Дариядай көремін,
Бұлағыңды тулаған.
Бүркеніп көк желегін,
Бақалары шулаған.
Арманым боп ақ бұлақ,
Қойтасыңнан ырғысын.
Шабытыммен атқылап,
Ұшырайын жыр құсын.
Ақ батасын үйетін,
Алаураған арманы.
Маңдайымнан сүйетін,
Ескі көздер бар ма əлі?...





Пікір жазу