31.05.2022
  206


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Отыз еді

Шолпан жұлдыз шыққанда төріне түн,
Көк жиектен көлбеп таң көрінетін.
Көк жиектен көлбеп таң көрінгенде,
Отыз ару сал тартып керілетін.
Отыз бұрым ойнақтап өрілетін.
Отыз тоты қанатын төгілдіріп,
Отыз бұлбұл сайрайтын егілдіріп,
Отыз аққу айдынға шығатұғын,
Күміс суға ақ төсін көмілдіріп.
Күн нұрына топшысын шомылдырып.
Отыз еді, бөлінбес бүтін еді,
Отыз үйдің ұласқан түтіні еді.
Ойнай басып адырға шыға келген.
Отыз елік-аумаған бітімі еді.
Олар барда бөлмеміз сайрайтұғын.
Алпыс жанар жарқ етіп қарайтұғын.
Алпыс жанар жарқ етіп қарағанда,
Алпыс күннің қызуы тарайтұғын.
Отыз еді... Берік ед сынбайтұғын,
Өнер қуған, іс қуған тынбайтұғын.
Бір қазаннан бөлісіп ас ішетін,
Бір лебізден тағылым тыңдайтұғын.
Ұзақ түндер кітапқа үңілетін,
Қыпша белдер шаршай кеп бүгілетін.
Серуендеп сенекке шыға қалса,
Отыз жігіт гүл алып жүгіретін.
Берді ме екен, дариға-ай, бермеді ме,
Отыз жігіт сұраушы ед сүгіретін.
Ұлан асыр кешегі көк көліне,
Отыз аққу оралмай кеткені ме?
Отыз жаққа келемін алаңдаумен,
Отыз ару аттарың жетпеді ме?
Жалқы шақта бұл жүрек құлшынысқан,
Мен бір бақыт табармын күн шығыстан.
Аспанымнан сол күні өтермісің,
Отыз аққу жұп жазбай сыңсып ұшқан.





Пікір жазу