Қазақпын
Танымасаң, танып ал, мен қазақпын,
Жағам - жайлау, көңілім - көл кең қазақпын.
Ұлысым бай, іргелі ел қазақпын,
Ырысым сай, нұр жері - кең қазақпын.
Мен емеспін кешегі өшкен қазақ,
Құба жонда тентіреп көшкен қазақ.
Мен боламын: қойнауға қой қаптатып,
Қала салып, білім ап өскен қазақ.
Мейман болсаң - жаюлы дастарханым,
Қымыз құям, алдыңа бас тартамын.
Атыңды ерттеп, елпектеп, есік ашып,
Əн-күйменен өтеді асқар таңым.
Қазақпын: «тегің кім» деп тектемеген,
Ере келген итке де «кет» демеген.
Бір атын пейілі түссе, түсіп беріп,
Бір атым насыбайға өкпелеген.
Қазақпын: Түнемеген төріне түн,
Бар сыры домбырада төгілетін.
Аңқылдаған ақ көңіл ел боламын,
Аузын ашса жүрегі көрінетін.
Қазақпын: қаз мойыны ойнақтаған,
Ой да баққан,- тек қана қой бақпаған.
Ер, елдігім - ешкімді жатсынбаған,
Тереңдігім - ешкімді бойлатпаған.
Жомарттық пен пəктіктен басталамын,
Жаны-дана, жүрегі-жас баламын.
Керек емес əулетің дəулетіңмен,
Мен сенің көңіліңе-ақ мас боламын!
Қобыланды қазақпын - батыр елмін,
Қозы-Баян қазақпын - тату елмін.
Қожанасыр қазақпын - аңқау елмін,
Абай туған қазақпын - ақын елмін.