30.05.2022
  148


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Аттанамын...

Аттанамын алау шақта бір мақпал,
Жанарыңмен жүрегімді ұрлап қал.
Күрсіне бір қарай-қарай кетейін,
Қыр басынан орамалың бұлғап қал.
Аттанамын, таң бозарып атқанда,
Шапақты күн шығып келе жатқанда.
Қырда қыран саңқ етіп үн қатқанда,
Ақ қайыңдар сүйенгенде ақ таңға.
Аттанамын, əне, шығыс тұр жанып,
Сенің маған қарасыңдай ұрланып.
Жолыма əкеп дала гүлін тастап кет,
Қызғалдақтар өсіп шықсын ырғалып.
Аттанамын, қаздар қайтты тізіліп,
Қарада тұр, қарада тұр сүзіліп.
Жүрегіңде өкси-өкси қимастық,
Жанарыңнан ыстық моншақ үзіліп...
Самал есіп, сыңсып тұрса жырлап тал,
Ақселеудің үкі басы бұлғақтар.
Анау белден əрмен асып кеткенше,
Қыр басында орамалың бұлғап қал!





Пікір жазу