30.05.2022
148
Жазғы түн
Қақ айырып көк төсін,
Баяу жүзіп барады Ай.
Жер сұлуға телміріп,
Қарады-ай кеп, қарады-ай.
Таудан құлап тас бұлақ,
Сылдырлайды тынымсыз.
Жағалауда жас құрақ,
Мүлгіп-шұлғып тұр үнсіз.
Түн тынышын, ант етіп,
Келгендей-ақ бұзғысы.
Ауық-ауық саңқ етіп,
Дыбыстайды түз құсы.
Көк күмбезі жырақта,
Көк жиекке тіреліп.
Сақшыдай-ақ қыратта,
Секейеді бір елік.
Кең даланың тынышын,
Бұзған əлде бөрі ме?
Қақыратып түн ішін,
Ит үреді еліре.