30.05.2022
  126


Автор: Марат Нұрқалиев

Толғау

Құлақ сал, бар ағайын кәрі-жасың,
Көкейге айтқан сөзім ұяласын.
Бұл жерде батыр да өткен, ақын да өткен,
Селдеткен өлең-жырдың дариясын.
Піріме сыйынайын – Нұрхан ақын,
Дәуірдің мадақтаған салтанатын.
Торғайдың тоқсан тарау саласындай,
Самғатқан шартарапқа жыр қанатын.
Торғайдың арнасына жыр тұнады,
Күн сайын жаңаша әуен бұлқынады.
Қырында ару қызы, ерке ұланы
Қырмызы қызғалдақтай құлпырады.
Көсілген Есіл, Торғай арасына,
Көз салшы, қойнауы құт даласына.
Ежелден егіз емген анасындай
Арқаның арғын-қыпшақ баласына.
Торғайым – төрі биік ырысты өлкем,
Секірген ерке киік белі көркем.
Саумалдай самалынан бір сімірші,
Болмайды еш арманың өлсең ертең!
Арудай қолаң шашын суға малған,
Көзіңді ала алмайсың құба талдан.
Секілді балға батқан күміс қасық,
Шолп етсе шорағайы шабақ шалған.
Қонақты қадірлеген қазақ заты,
Ғұрыпты қастерлеген азаматы.
Белдеуде – шабам десең қазмойыны,
Ерттеулі – мінем десең қазанаты.
Телегей-теңіздей дән тербетілген,
Береке, бақыт көрем келбетінен.
Торғайдың торабындай Жерұйықты
Таппайсың шарласаң да Жер бетінен!





Пікір жазу