30.05.2022
  156


Автор: Марат Нұрқалиев

Бесік жыры

Әлди, әлди, әлди-ай!
Ұйықтай ғой, күнім, жарығым менің,
ұйқыда қазір ен далаң,
Тыныстап жатыр Табиғат – Анаң
өзіңді маған сыйлаған...
Аяулы, асыл арманым едің
кеудеме менің сыймаған,
Тірі бір жанға тіс жарып, тегі,
бөлісуге қимаған.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Сен келгенде іңгәлап мынау
дүниеге жар салып,
Алласын айтып ақ тілеуменен
жатқанда әжең қарсы алып,
Қуанғаннан өз көзіме,
құлағыма сенбедім,
Алабұртқан жүрегімнің
жапырағы сен бе едің?!
Әлди, әлди, әлди-ай!
Ұйықтай, ғой, күнім, жарығым менің
жүрегімнен жаралған,
Ұйқыда қазір толағай таулар,
мүлгіген қалың қара орман...
Ержетіп ертең еліңнің еркін
қорғайтын жүрсең қатарда,
Арманның туын желбіретіп,
шығарсың талай сапарға.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Арғымақ – арман алқынбай шапсын,
көрмесін бір сәт сүріне,
Сан елдің дәмін татарсың, бәлкім,
шөлдегенде сіміре.
Жаһанды шарлап, жұпарын жұтып,
тамсанып таң боп жүргенде
Биенің сүтін, жусанның иісін
айырбастама біріне!
Әлди, әлди, әлди-ай!





Пікір жазу