30.05.2022
94
Элегия
Көңілсіз күзде мынау
кірпіктер қырауланған,
Жабырқау жанарларда
жауапсыз сұрау қалған.
Аққулар керуені
алысқа асығады,
Құлақтан кетпейді әуен
тырнадай тырауланған...
Мүлгиді мұнарланған
Алатау атырабы,
Күлмейді бұлақ мүлде,
жалқаулау жатыр ағып.
Сыр тұнған сая бақтың
қыдырған кеше біздер,
Жынды жел жұлып жатыр
жылатып жапырағын.
Көмкерген көкжиекті
бұл күздің алтыны бар,
Сап-сары сұлулықтың
салмақты салқыны бар.
Бұлдырап көз ұшында,
тұрғандай көкте қалқып,
Жартасты жарып шыққан
жалбыр шаш жалқы шынар.
Тамшылар, көз жасындай,
әйнектен сорғалады,
Су тиіп қалғасын ба,
жапырақ борамады.
Уақыт ұмыттырған
ұрыдай сары уайым
Сарнатып қылқобызын
көкейге оралады.