
«Колхида»
Ежелгі гректердің Элладасы
Тұрғанда асып-тасып мейманасы,
Ұрпаққа аты аңыз боп қалатұғын
Өмірге келді ақжолтай бір баласы.
Сол Ясон ерлігімен мәлім болған
Жайпайтын жалғыз өзі қалың қолды.
«Түбіме осы жетер», – деп сескенген
Патшаның жүрегінде қайғы толды.
«Бір күні тайдырар, – деп, – тақтан қуып,
Одан да құтылайын қақпан құрып», –
Деді де патша ойлады жіберуді
Жорыққа оралмастай аттандырып.
– Ал, Ясон, ерлігіңді халқың білді,
Суытпай енді осы қарқыныңды,
Сапар шек шығыстағы Колхидаға,
Алып қайт қойларынан алтын жүнді!
...Бір кеме жасақталды «Арго» атты,
Жанына жасақ алды елу шақты.
Сыйынып жер-көктегі пірлеріне,
Бетке алды аргонавтар Шығыс жақты.
Шын болар, бұл әлде бір аңыз болар,
Жүзіпті шарлап Қара теңізді олар.
Әйтеуір, Ясон алтын жабағы алған
Колхида Грузияда қазір де бар!