30.05.2022
140

Сұрақ
– Өй, өзің де бір ынжықсың!
Өтірік айтсам – жер жұтсын,
Баяғыда
Қыздарға қырғидай тиюші ек,
Бірін құшақтап,
Бірін беттен сүюші ек.
Ал сендер қыз дегеннен
Қырық шақырым қашасыңдар,
Мақтанғанда
Топан судай тасасыңдар! –
Деп, Топай ағай өкпелеп отыр,
«Қолдарынан түк келмейтін
Кеппе», – деп отыр.
Біз ренжіп қайтеміз –
Қамымызды ойлап жүр,
Бірақ өзі әлі күнге
Не себепті бойдақ жүр?
Ол сонда не ойлап жүр?
Баяғыда
Қыздарға қырғидай тиюші еді ғой,
Бірін құшып,
Бірін беттен сүюші еді ғой?!