30.05.2022
  220


Автор: Марат Нұрқалиев

Бұйырмайын десе

– Әллау, бұл аудан ба?
– Аудан.
– Тыңдап тұрған Қаудан ба?
– Иә, Қаудан...
– Әллау, сөйлеп тұрған Жүніс,
Мынадай бір жұмыс:
Бұйырса, Көкіманды
Үйлендірмек ойымыз бар.
Яки отыз күн ойын,
Қырық күн тойымыз бар.
Жәшік-жәшік арақ,
Бөшке-бөшке шарап,
Сойып қойған
Жылқымыз бар, қойымыз бар.
Давай, басқаны қойыңыздар,
Мұнда келіп,
Тойлаңыздар, тойыңыздар!
– Біздің Көкіман ынжықтау еді,
Оған лайық қыз
Қай жақтан келді?
– Алыстан арбалап қайтем,
Құдамыз – көрші ауылдағы Әйкен.
Аузын алып, келісіп қойдым,
Анау-мынау жоралғысын
беріп қойдым,
Қыз бір жаққа қашар деймісің,
Менсінбейтіндей біздің Көкіман
Соншалықты нашар деймісің!
Қысқасы, ертең түнде
Қызды алып қашамыз,
Ел есін жиғанша
Алты қырдан асамыз...
Көп бөгелмей келіңдер,
Келіннің көрімдігін беріңдер!..
* * *
– Ал, Жүке, келіп қалдық,
Той құтты болсын,
Жас отаудың керегесі
мықты болсын!
Уа, неге үндемейсіңдер,
Ән салмайсыңдар, билемейсіңдер?
– Е-ей, Қаудан шырақ,
Тойымыз той емес,
томалақ болды,
Көкіман жігіт емес,
собалақ болды.
Біз құда түсіп,
кердеңдеп жүргенде,
Әрі-бері ербеңдеп жүргенде
Қалыңдығымыз геолог дей ме,
Жөлік дей ме,
Бір тас терген қаңғыбаспен
зытып кетті,
Біздің шаруамыз
Сонымен бітіп кетті...





Пікір жазу