30.05.2022
  124


Автор: Марат Нұрқалиев

Кім кінәлі?

Актіге жазылған Факті
Өзін былайша мақтайды:
– Осы жұрт менсіз
Жанын қалай сақтайды?
Қойды қойшы жесе де,
Зоотехник Тойшы жесе де,
«Арам қатырам».
Сөйтіп Қылмыс деген пәлені
Жылымға батырам!..
– Е-ей, Факті, –
деп күйінді Акті. –
Сенің арғы атаң Дерек еді,
Ол Дұрыс пен Бұрысты,
Шығыс пен Кірісті
Айыруға зерек еді.
Сен оның дәстүрін
Сақтауың керек еді.
Әтте-ең,
Жалған болмай, нақты болсаң,
Бұлтартпайтын Факті болсаң,
Қойшы тыныш,
Қой да аман болар еді,
Тойшы тәуір маман болар еді...
– Ойбай, қарай гөр мынаны,
Бәріне анау Қалам кінәлі! –
Деп Факті ақталды.
Ал қалам жылауға шақ қалды:
– Ағайын, әділ бол,
Бәрін бүлдіретін Қол.
Оңға да бұрады,
Солға да бұрады,
Сосын түк білмегендей
Сүмірейіп тұрады, –
Деп Қалам
Көзінің жасын іркеді.
Ал Қол болса,
«Түкірдім!» – деп,
Қолын бір-ақ сілтеді...
* * *
Мұндай қолға
Бұғау керек сияқты,
Бұғауды мықтап
Бұрау керек сияқты.





Пікір жазу