30.05.2022
  148


Автор: Марат Нұрқалиев

Етік туралы ертегі

Етік есіріп,
Ажыраспақ болып Кебіспен
Екі күн бойы керіскен:
– Әй, Кебіс!
Сенің мінез-құлқың теріс.
Осындай опасызбен отасып,
От басып жүрген
Мына менің ақылым кеміс!
Қалайша білмегенмін,
Кебіссіз-ақ күн көремін.
Қазір мода басқа –
Үйленемін жасқа!
Ал сені талақ етемін,
Бүгіннен бастап көзіме
Көрінбеуіңді талап етемін!..
...Содан «бойдақ» болған Етік
Екі апта өлеңдетіп,
Серілік құрып жүр еді,
Бір күні қарлы жаңбыр
Шелектеп құйып жіберді.
Жер лайсаң, батпақ болды.
Етіктің тұмсығы суланып,
Қонышы сатпақ болды.
Бір сазды жер
Өкшесі мен табанын жұлып қалды...
Сөйтіп, есірген Етік
Ұлтарағын ұстап ұлып калды.
* * *
Ал Кебіс
Басқа күйеуге тиіп алған,
Яғни оны
Басқа бір Етік киіп алған.
Балшығыңнан да,
Шалшығыңнан да қаймығар емес,
Көзінің тірісінде
Кебістен айырылар емес!





Пікір жазу