Түлкіден арыз
– Уа, мысалшы көкелерім,
Арызыма құлақ түр!
Көкейімде көптен бері
Мынадай бір сұрақ жүр:
Заман ғой өзгерді,
Ендеше
Түсінісетін кез келді.
Кезінде
Ұрласа біреу тауықты,
Жаласын түлкіге жауыпты.
Дауласпаймыз –
Бабаларымыз бір иттік
жасаған шығар,
Бұйырғанын асаған шығар...
Ал қазір ше!
Құс біткенді
Фермаға қамап қоясыңдар,
Шіби түгіл, жұмыртқаны да
Таңбалап, санап қоясыңдар.
Айтпағанда жұмыртқаны,
Тауық дәмін ұмытқалы
Талай заман өтпеді ме!
Солай бола тұрса да,
Түлкі тұқымы көктеді ме?!
Көктемеді, көгермеді.
Ал біз туралы
Қате пікір көнермеді!
Бүгінгі жас жазушы да,
Қасқа бас жазушы да
Түлкі десе,
Тілін безеп шыға келеді,
Қулық-сұмдықты
Біздің атымызға таға береді.
«Бұл байғұстарға
Обал болар» демейді,
Араларындағы арамза атаулыны
Бірден бізге теңейді.
Мәселен, кейбір
«Кабинеттік» мысалшылар
(Ондай мысалшыдан
Қайбір оңды мысал шығар!)
Түлкі түгіл,
Көріп пе екен тірі тауықты?!
Мұндайлар
Бізді былай қойғанда,
Әдебиеттеріңе қауіпті!
Иә, солай, ойланыңдар...
Енді «Қызыл кітапқа»
Кірсек те маза бермейсіңдер ме?
Одан да әлгі...
Лирикаларыңды
Жаза бермейсіңдер ме?!