30.05.2022
  119


Автор: Марат Нұрқалиев

Көріп пе едің мұндайды?

Көріп едім Жықпылды
Төбе шашым тік тұрды.
Үсті-басы әлем-жәлем.
Мұнысын былай ұқтырды:
– Қалтамдағы қарыс жарым
Қанжарды көріп тұрсың?
– Көріп тұрмын.
Немене, жөлікпісің!
– Жоқ, ойбай, өлікпін!
– Қалайша?
– Солайша!
Тал түсте
Қатыныңның бет-ауызын
Біреу жалап тұрса,
Тіл-аузың байланып,
Сыртынан қарап тұрсаң,
Өлік емей, неменесің?
Басыңа түссе,
Өзіңнің де кетер есің!
Кешке жұмыстан шаршап келсем,
Бәйбішемнің қою шайын
Аңсап келсем...
Ол сабаз біреуді
Құшақтап сүйіп тұр екен,
Ал ана сұмырай
Жас баладай ұйып тұр екен.
Есікті тарс жауып шығып кеттім,
Шамасы, қарсы шыққан көршіні
Жығып кеттім,
Сол бетіммен көше кезіп,
Ығып кеттім.
Жықпыл енді
Көрсетеді құтырғанды,
Не сол пәледен
Біржола құтылады...
...Сол күні
Әйелінің Өріс деген,
Шамасы,
Қырық жылдай көріспеген
Інісі табылыпты.
Екеуі Жықпылды іздеп,
Таң атқанша сабылыпты.
Айықтырғыштан
Айықтырғыш қалмады,
Сауықтырғыштан
Сауықтырғыш қалмады.
Бәріне де барып шықты,
«Жоқ» деген
Жалғыз жауап алып шықты.
Одан әрі іздеуге
Екеуінің енді халі жоқ,
Бірінің жездесі,
Бірінің шалы жоқ...





Пікір жазу