30.05.2022
  122


Автор: Марат Нұрқалиев

Қонақтар

– Үйге кешке қонақ келеді,
Арғы ауылдан Опақ,
Бергі ауылдан Сопақ келеді.
Қазаныңа сүбелісінен сал етті, –
Деп, жұбайыма бұйрықты
Бұрқылдатып беріп кеттім.
Кешке бір сөмке
Арақ-шарабымды,
Басқа да «керек-жарағымды»
Арқалап, жетіп жығылсам,
Қонақтар ерте келген екен,
Қастарына екі-үш еркекті
Ерте келген екен.
Қазақпыз –
Қонақ келсе қуанамыз,
Артықсың деп қалайша
Қуа аламыз?!
Не керек, ылғи
Ығай мен сығай бас қосып,
Біз алдарына ас тосып,
Мәз-мейрамбыз.
Мінеки, қаймағыңыз!
Мінеки, айраныңыз!
Мінеки, балыңыз!
Алыңыз, алыңыз...
...Ә дегенше
Шай ішіліп тасталды.
Енді карта ойыны басталды,
Қонақ саны бесеу еді,
Бесеуі де темекі шегеді.
Бес паровоз
Бес жерден бұрқыратып
Мен болсам
Желдеткіштің жанын шырқыратып
Қосып жүрмін,
Иіс тиіп қала ма деп
Шошып жүрмін.
Шамасы, ойынға құнығып кеткен,
Қонақтар
Бізді тіпті ұмытып кеткен.
Көздері аларып,
Бірін-бірі бас салуға
Барып қала жаздайды,
Біреуі «мизер» десе,
Қалғандары талып қала жаздайды.
– Қап! Тағы да ақшам кетті! –
Деп Сопақтың көзі
бақшаң етіп еді,
– Өтірік! – деп
Опақ қақшаң етті.
Солайша шатақтың шеті
Байқалып қалған,
Өйткені қонақтар
Ішімдіктен біраз
Шайқалып қалған.
Қайсысы бастағаны белгісіз,
Бесеуі де ер кісі,
Айқасып жүр.
Біз арашалап,
Олар шайқасып жүр.
Ac аяққа басылды,
Ақша әуеге шашылды.
Топалаңның ішінде
Қорғап жүрмін басымды.
Бұл сойқанның ақыры
Азанда әрең басылды.
Қойдан жуас қонағың
Берекені сөйтіп қашырды.
* * *
«Келгенше – қонақ,
Келген соң үй иесі
ұялады»...
Дегенмен осы қылық
Қай ұғымға сыя алады?!





Пікір жазу