30.05.2022
133
Сынның сықпыты
«Сын болсын,
Сын шын болсын!»
Деген ұран ұстап,
– Тек әділ айтамыз! – деп,
Біреу нан,
Біреу құран ұстап,
Ант бердік.
Бірақ біразымыз
Ә дегенде жалт бердік.
Өйткені бір мықтының
Кітабын талқылағанбыз.
Сөзіміз сұйылып,
«жалпылағанбыз».
(Бала-шағамыз бар,
Күнкөрістің адамымыз).
– Объектісі
Соғыстан кейінгі дәуір екен,
Идеясы мен мазмұны
Былайша тәуір екен, –
Деп бір «сыншы» сипақтады,
Мен де қипақтадым:
– Тілі өткір –
Шаштараздың ұстарасы,
Әйбат екен, әсіресе,
мұқабасы...
– Басты кейіпкердің
образы ұнайд...
Бәрінен де кітаптың
Тиражын айт! –
Деп біреудің сілекейі шұбырды.
Әйтеуір,
Сөзіміз мың құбылды.
Жан болмады
Мақтауын аяп қалған,
Осыменен талқылау аяқталған.
Мықтының кітабында
мін бола ма!..
* * *
Осындай сын болады, ә!