Сағыныш
Ақ қар жапқан Алатауым, айдыным
Жүректерде əн боп қалған Алматым
Өзің менің шетсіз-шексіз байлығым
Жерұйығым, алтын елім, жаннатым.
Əсем қалам, Астанадай ел ордам
Қазағымның маңдайдағы бағындай
Осы өлкеде өмір сүру бір арман
Жастық отын алаулатып жалындай.
Арқау болған Құрманғазы күйіне
Сарыарқадай шексіз жатқан кең далам
Көрсе жанар, көз тоймайтын сүйіне
Алтын далам, шəрбатыңды бер маған.
Желтоқсанда еңіреген жастарым
Бүгінгі күн азат елдің құрбаны
Ұрпағына тарих боп танылған
Мəңгі асқақ Оқжетпестің шыңдары.
Даласында ғарышпенен тілдескен
Байқоңырдың аты əлемге əйгілі
Өлкесінде сеңгір-сеңгір сең көшкен
Мəңгі ырыс Көкшетаудың байлығы.
Əз бабамның қаны тамған топырақ
Қалмас бір сəт мəңгі-мəңгі жырланбай
Қойнауында байлығы мол атырап
Қазағыма бақыт сыйлап тұрғандай.
Кербез дала, керім дала, кең дала
Жүректерден əн сағыныш төлдеткен
Бар қуаныш, бар байлығым сен ғана
Саған деген сағыныштар меңдеткен.
Байтақ елді жүрміз солай армандай
Ел қайдасың, жүрміз неге шетте біз
Шашыраған қазақ неткен сормаңдай
Кімге айтылар біздің мынау өкпеміз.
Қазағым-ау басыңдағы бар мұңың
Басқа түскен ұлы өмірдің тартысы
Жас жүректі жарып шыққан бұл жырым
Елге деген сағыныштың тамшысы.