30.05.2022
  139


Бекен Қалымбекұлы

Алтай қысына сағыныш

Күш бітсе де диюдей боп бойға мың,
Əзіл, ыржақ, қалжыңыңды койғамын.
Жүректегі сағынышқа мас болып,
Туған жерім мен өзіңді ойладым.
Айтшы біреу! Ауылдағы мəн жайді,
Жоқ шығар-ау, сəтсіздік те, қам-қайғы.
Қарашада тұрған шығар қасат қар,
Басып қалсаң озандатып айғайды.
Арайланып атар еді сұр таңың...
Үмітіңді ақтап тұр ма ұрпағың?
Бəйгелерге дайын тұрған шығар-ау,
Ат ағашта осқырынган тұлпарың.
Алтайымның қысы қандай қатты еді.
Жүрегіме қаттысымен тəтті еді.
Аппақ болған қасат қары тізеден,
Періштенің алғыс жазар дəптері.
Басқа жердей Алтайымның жазы бар,
Жаз күнінде айтылатын назы бар.
Қыс болмайтын Африканың елдері,
Алтайымның сол қысына зарығар.
Алтайымдай қолдап тұрар Пір қайда,
Жүрек жырын аппақ қардай жырлай ма.
Қысты аңсаған Арап елі жасапты,
Қыруар қаржы төгіп жүріп Дубайға.
Жүрегімнің сағынышын кім ұғар?
Өр Алтайдың бұлағындай тұнық ар.
Дубайдағы сол жасанды кысыңның,
Алтайымда біреуі емес мыңы бар.
Арайланып алтын таңы атар тек,
Алтай жайлы сырға толы макам көп.
Өрлігіңді сезем десең бойдағы,
Ей жігітім! Өр Алтайға сапар шек.





Пікір жазу