30.05.2022
  155


Автор: Қуат Асылбек

Қайықшының монологы

Ерлігі бірден белгілі,
Кеудемде жатыр кең өлкем.
Тағдырым үшін ендігі,
Теңізге кетем мен ертең.
Теңізге кетем...кетемін,
Жебейді мені сол үндер.
Сол жерде жанып өшемін,
Сол жерде күтер өлім де.
Қиялға батам кеште мың,
Құштарлығымды кең жайып.
Қолымда тозбас ескегім,
Астымда көне сол қайық.
Айналам үнсіз жоқ айбын,
Кірпіктерімнен үркіп нұр.
Ай батып жатқан көк айдын,
Көк айдын шымшым кілкіп тұр.
Тұман шөккен таң сəрі,
Шұғыласынан түн қашқан.
Теңіздер менің аусарым.
Жағалауларын мұң басқан.
Дауылда, түнгі боранда,
Жүрегім бірге ұран сап.
Жататын едім мен онда,
Теңізге құяр көл аңсап.
Жат достар мені жəй ұқты,
Жүрегім менің бөлтірік.
Көмеді ертең қайықты,
Теңіздің тентек толқыны.





Пікір жазу