30.05.2022
  117


Автор: Сүйеніш Мешітбайұлы

Атажұртым

Түркістан да ежелден Алтай да бір,
Бабам бейіті сенбесең əр сайда тұр.
Төрт емшекті Алтайдан ауызданған,
Қаракөздер қалайша шалғайда жүр.
Қанша жыл қайран ел мұңлық өскен,
Соншама құр кімдерге құлдық еткем.
Шыңғыс жұрты кеш мені – алтын əулет,
Атажұртым шақырды «Нұрлы көшпен».
Тарлан тарих куəсі арда далам
Ата мекен адасып қалған анам.
Иттен қорқып иенде жүрген ұлды
Баян-Өлкем бауырына салған анам.
Тұлпар мінез тегіме ұқсап өтем
Хан болсам да бөгде бір ұлтқа бөтен.
Бейбарыстай бабама арман болған
Тəуба, тəуба туған ел-жұрт бар екен.
Айналайын бауырмал өрелі елім,
Жеріне кел еншіңді ал не керегін.
Туғаным деп ағынан жарылғанда
Сол Отанға сонда мен не беремін.
Үйірімді танымай үмбетімді
Кешір Алла көп үздім міндетімді.
Жаназамды жасырып жылап тұрып
Сүрең жылдар жасадым сүндетімді.
Не десең де баяғы Күлтегінмін
Үмітімді үй, көңілімді күрке қылдым.
Тағдырымның тас-талқан толқынында
Желқайықпен жағаға мың соғылдым.
Ауыздықтан босамай тілім мүлде
Табылған бір тайыңмын сүйінші де.
Жоғалған соң жолыққан үйіріне
Құлын дауыс кісінеген үнім міне.
Нұр Астанам көк байрақ таққан далам,
Боз боран бұлт айықты батпандаған.
Ақ əжемдей Атажұрт сəл аялда,
Жаяу емес желқанат атпен барам!
Ағайын бар атымнан түсіретін
Бауырым бар бəйек боп жүгіретін
Əлімсақтан туысын түсінетін
Мен Қазақтың пір тұтам құдіретін.





Пікір жазу