Дала әні
...Меңдетсе де мұң-қайғым,
Тылсым үнін тындаймын,
алжыды деп күлме сен
Сескенбей-ақ сыр бөлісем ұрланбай.
Мен бетпе-бет табиғатпен тілдесем,
Күллі дала бейне əн сап тұрғандай!
Жанарыма жасты аламын,
Көктің бағып қас-қабағын
Аландаумен күн кешем,
Бұлдыр-бұлдыр көшкен бұлтқа бұлданбай.
Ұмытқанмын...кетті талай кімде есем,
Бас айналар тірлік еді бұл қалай!
Сан мың тағдыр сыйып кетер,
Жыр жұлдызын биіктетер –
Мендік жұмбақ бір маңдай...
Мендік жалғыз бір мандай!
...Бір ғажапқа куə болдым жаңа мен,
Куə болып мəңгілікке қалар ем.
Тылсым сезім тебірентіп жанымды.
Тіл табыстым даламен....
Сырын ашты бар Əлем!
Қуанышты өзімен бір келді ала,
Көңіл шіркін тамсанды,
Рас айтамын құйқылжытып Кең Дала...
Маған арнап əн салды.
Сырын шертті далам рас!
Жұмбағына жетелейтін жан əнін...
Ешкім бұлай ешқашанда сала алмас.
Əн салғанын əсерлі етіп даланың,
Естуім де, көруім де тап алғаш!
– «Денің сау ма, не деп тұрсың, əу, бала?
Өзге түгіл өзіңді бос алдама.
Қияли боп кеткенбісің жə, доғар,
Кім ойлапты əн салар деп кең дала?!
Айтасың-ау, көріпті естіп кім үнін?»
Осылайша ой бөгеп
Қиялыма қарсы шықты күдігім.
– Жо-жоқ бұған болмасын түк шүбəңіз,
Ей, пенделер, аңғармаймыз, сірə, біз?
Сенбесеніз сөзіме бұл....əн салған
Сол даланың өзінен-ақ сұраңыз!
– дедім сонда... батып мұңға белшеден,
Сені қайдам, дала əніне мен сенем.
Дала маған дархан шабыт дарытып,
Идеялым кен берер маған, берсе дем!
Үмітсізге ұлы дала үндемес,
Дала үнімен даналарга кірген ес.
Дер кезінде даусын оның қал тындап,
Қолда барда бағасыз ғой алтын бақ.
Бұл, əйтеуір, боп жүрмегей мүлде кеш!
Қанат беріп мəрт үні,
Қиялымнын ұшырды тез қарқыны.
Біз даланың əнін...тілін...ұғамыз
Тек шынайы ғашық болу арқылы
Біле-білсең Даланың да бар тілі.
Ойлап тауып айтқаным жоқ мұны мен,
Шын сүйіңдер! Достар, жансын сырларың,
Сонда барып ұғасыздар шынымен
Далаға тəн тіл барын!
– Денің сау ма, не деп тұрсың, əу, бала!
Өзге түгіл өзінді бос алдама!
Қияли боп кеткенбісің, жə, доғар,
Əн салар-деп, кім ойлапты – паң дала!
Сенбейді ешкім, сенбейді ешкім бұныңа
Сандырақта... мейілің, сен сандала!
«Дала əн салды!
Əй, қайдағы....жалған бəрі,
Деді күдік: «Бұның, бала, қой бекер!»
Қарсы үн қаттым:
Адамзаттың, армандары
Мылқауды да сөйлетер!
Қайталаймын... қайталаймын мен неше,
Дала тілін масқара ғой танымау
Əнін оның естімейтін, ендеше,
Қөңіл керең... сендік сезім саңырау!
Əлемдегі аса ірі кемістік –
Сезінуге жарымау!
Р.S. Дала не деп əн салды екен,
...Жаным-ау?!
Көз берші...
Көрмеймін...
Көзімді жоғалттым күмəнсіз,
Отымды өшірген күйкі жас.
Талғамның талабы тым əлсіз,
Ұлы ойлар қалғыған ұйқыбас.
Көрмейсің
Көз – ашық, көңілің – ұйқыда,
Жүректің жанары жұмулы.
Ішеді бір ақын бейкүнə,
Бəріміз білетін бір уды.
Көрмейді...
Шындықтың көздерін жел басқан,
Сұм жалған жабуда жаласын.
Елжіреп қарамас енді аспан,
Күн көзін кайдан сен табасың?
Көрсокыр...
Жылауық жалғанның жүзінде,
Күлуге көздерім көнбейді.
Кіжін сен, мейілің, кіжінбе,
Көрмеймін...
Көрмейсің...
Көрмейді...
Қайғыр. Қыс, шараң жоқ. Күй. Көктем,
Жыла, Жаз, мейілің, Өкір. Күз,
Сұм Үрей таяғын сүйреткен,
О, неткен бəріміз соқырмыз?!
Жалғаннан жалығып,
Шындық үн шыңғырса,
Қорықпай кұптайтын кез келші.
О, Құдай, өзіңнің тым құрса,
Күшіңді көретін көз берші!