30.05.2022
175
Мұң
Жүректі басып көп қайғы,
Көңілім тағат таппайды.
Жұбатбақ болған достардың,
Сөзіне зауқым соқпайды.
Құсадан іштей бұлқынып,
Жүремін күнде жұлқынып.
Торықтым мынау өмірден,
Өтермін бір күн сілкініп.
Арманым асқақ болғанмен,
Көңілім өсіп толғанмен.
Жүремін мұңлы жанарым,
Алысып мынау жалғанмен.
Сезімін сыйлап бала қыз,
Кұшағын ашты, қараңыз.
Оранып мұңға жатқандай,
Шегі жок байтак даламыз.
Үйреніп қулық, сұмдықты,
Айтыңдар кімнен кім мықты?
Былықты мынау ортамыз,
Көтеріп тастап түңлікті.
Таңырқай қарап ойланам,
Еріксіз сосын жайланам.
Ұйқыға бармай түнімен,
Ойларға жіпсіз байланам.
Азабын артып жүректің,
Өзімді-өзім жүдеттім.
Бұралаң жалған дүние-ай,
Пендеңді неге құл еттің?