30.05.2022
  114


Автор: Бақытгүл БАБАШ

Тарланкөк

Өткелінен үміттің өкінішсіз өттің бе,
Көктеміңе айналар күткеніңде сəтті алдан.
Өзің жайлы іздесем, сағым ойнап көк белде,
Сыр айтады мұрағат қаттап қойған хаттардан.
Алты алаштың бағына асып туған пырағым,
Жетісудан көштің бе, жетіқат боп тұрағың.
Наурызды елге оралтып, Нəурізек құс келгенде,
Жабырқаған қазақтың жаңғыртқансың жыр-əнін.
Жалғанына жалғанның қалай, қайтіп сенбегем,
Жанбағыстың қамымен жұмақ таппай сенделем.
Сол баяғы ырғақпен сырғуда өмір күндері,
«Қоштасқыңыз келмеген».
«Жұлдыз», «Жалын», Алматы – басқан ізің қалған жер,
Алқаракөк бетінен жауын жыр боп тамған жер.
Құрылтайы құт болып, нұрлы көшке ұласып,
Күллі қазақ жұртына бақ бітірген тарлангер.
Жарым түнде жыр жазып жабыққаным – өзге өлең.
Ай қарайды əйнектен – кісі өлтірер көзбенен.
Аға да көп бүгінде жақсылығын бұлдаған,
Аласармас асқақтық көрге кетіп сізбенен...
О заманда тарыдай шашыраған қазақтың,
Басын қосу арман боп,
Жербетілік қайғыға жасытпадың жаныңды,
«Көктөбені» кітап қып,
Көкке сіңген Тарланкөк!!!





Пікір жазу