30.05.2022
  217


Автор: Бақытгүл БАБАШ

Каспий - кие

Маң даланың маңдайға біткен бағы ма ең,
Ағын қылған алты құрлық арасын.
Толқыныңа күміс шолпы тағып ем,
Толқып ағып барасың.
Тереңдігің – тектіліктің бастауы,
Құзар шыңға Хазар атың танылар.
Үш жүз алпыс ендігіңде, о, Тəңір,
Үш жүз алпыс əулиенің табы бар,
Каспий, киелісің сен!
Сəні менен салтанаты жарасқан,
Алтын Күнге аймаланар айдының.
Ырза болып заңғар көктен Хақ саған,
Жуытпаған секілді ме қайғы-мұң?
Берекені бəрі өзіңе қиған ба,
Жағаңа кеп бес текті ұлт қос тікті.
Қазақ, Орыс, Түркімен мен Иранға,
Əзірбайжан қолын созды достықтың.
Каспий, дəнекері сен!
Бейбіт өмір. Бейдауа күн. Бақыт па?
Бəлкім сенің биіктігің бағалы.
Қойны толы жұлдыз бенен жақұтқа,
Нұрлы жолмен қазақ кетіп барады.
Шарықтаған аққу құстың көрші əнін,
Қайғың менен қасіретің тоналды.
Бауырыңнан өрген өзен күрсініп,
Жайық енді жыламайтын боп алды.
Каспий, сүйіншіңді бер!
Қыран текті қарға тамыр алашқа,
Азат күннің ашылғанда парағы,
Күллі əлем сырыңды ұғып ғаламат,
Шаңыраққа қонды баба пырағы.
Бірлік болмай, тірлік тұл боп қалған ба,
Төртеу-түгел. Төбедегі, кел, мейлі...
Сарысың ба, ақ па, əлде қара ма,
Күн сүйген ұл жатырқауды білмейді,
Каспий, сендей.
Ақ қалада аппақ арман, сыр басым,
Сағым дала. Сағыныш бел. Сайын ба?
Толқыныңа келіп еді жыр жазғым,
Досым жайлы. Ұлы достық жайында.
Маң даланың маңдайдағы бағы ма ең,
Ағын қылған алты құрлық арасын.
Ақ жалыңа айдан алқа тағып ем,
Аласұрып барасың.
Каспий, киелісің сен!
Ел ұраннан шаршады.
Мен де ұраннан шаршадым.
Тұрандоттай тектілікті аңсадым.
Бабамыздың қаны сіңген бұл дала -
Қазақтікі!
Əлдеқандай ауса күн,
Аттың жалын тарпып мінер ерім бар,
Жерім үшін төгілетін терім бар,
Мен несіне сабырымды тауысамын?
Ақ арманым бар еді,
Асу бермес нар едім,
Аспан астын кезіп кеткен кезімде,
Атакүлден безіп кеткен кезімде,
Ақсарыбас шалып Алла атына,
Жыр бағынан тапқанымда жан емін,
Жалғыз тілеу тіледім:
Бəйтеректей биікті бағындырған елімнің,
Келтіре көр деп реңін!
Қатпар-қатпар тарихын,
Тасқа жазып қынамен,
Менің ана тілімде аңыз айтар мына əлем.
Келешектің көгінде алтын зерлі үмітім,
Күлтегіндей күлкімді ұмытқанмын күні-түн;
Азаттықтың арайы атқанында жарқырап,
Қазақтығым əйгі боп, алыстаған ақырап;
Ақ бесікте əлди жыр арнатқызған ұлымды,
Бостан елдің болашақ ұланы деп ұғындым.
Ана үшін мұнан зор бақыт бар ма еңселі,
Туған жерім, қардай ақ тілеуіңмін мен сенің!
Туған жерім, мен сенің тілеуіңмін қардай ақ,
Түн ұйқымды төрт бөлдім сен өркендер таңды ойлап.
Елді ұранмен шаршатқан күндер қалып алыста,
Көңілімнің көк бұлты күркірейді ғарышта.
Мендегі бар ниеттің өзіңсің ең асылы,
Өкінішке əкелмей өркениет ғасыры:
Қазақ деген ұлы елдің биік болып шоқтығы,
Желбіресін көгімде еркіндіктің көк туы!!!





Пікір жазу