30.05.2022
  190


Автор: Алмас Темірбай

Қайтқан құспен сырласу немесе Қалдарбек Найманбаевтың арман-мұңы

Қазан Айы туғанда қалам неге қиналып?!
Шалажансар жапырақ... кетейін бе үйге алып?!
Шерімді ескі қозғайды, бота-көңлім боздайды,
Кетіп жатыр шетелге құстың бəрі жиналып...
Құстың бəрі жиналып кетеді ұшып шетелге,
Жазығы жоқ құстар-ау, жазғырмайын бекерге.
Қазақстанды қия алмай, кең дүнияға сия алмай,
Қинала ма мен құсап... шекарадан өтерде?!
Құстар, құстар, құстар-ау, қоштаспаймын сендермен,
Келерсіңдер көктемде... қарсы алармын мен де елмен.
Бауырларым бар еді... ала келші хабарын,
Мен бармаған елдерден, мен көрмеген жерлерден...
Бір бауырым – Қытайда, бір бауырым – Моңғолда,
Апа-жездем – Алтайда, қарындасым – Жоңғарда.
Адасқанға жол сілтеп жіберіңдер, құстар-ау,
«Құс жолына» ұқсайтын Қазақстанға жол бар ма?!
Қоңыр үні – киелі, қобыз-көмей қаздарым,
Хормен айтар қосылып, қайда сенің жазғы əнің?!
Шетелдегі бауырлар шерін қалсын тарқатып,
Қосып айтшы даусыңа «Отырардың саздарын»...
Тырналар-ау, тырналар, тырау-тырау, тыраулар,
Тылсым нəзік үніңде – өткенді аңсау, жылау бар...
Үш ғасырда жоғалған ұрпақтары табылса,
Аруақты даламның топырағы бір аунар...
Аққу кетті – Иранға, тырна кетті – Мысырға,
Қимай-қимай қоштасып құсың екеш, құсың да.
Қайтқан құстың қайғылы əні қалды – жүректе,
Нүкте, нүкте, нүктелер... қалды – көздің ұшында...
Құстар кетіп, мен қалып... Алатаудың баурында,
Сағыныштан сарғайдым... аурумын ба, саумын ба?!
Туған жерге жете алмай, өскен жерден кете алмай,
Қандасым жүр қиналып Қытайдың бір аулында...
Құйрық-жалы күзелген күрең мініп Күз келді,
Қалар ма екен, Қалдарбек, артыңда бір із-белгі?!
Құрылтайы құстардың өтеді екен жыл сайын,
Құрылтайын қазақтың өткізейік біз де, енді...
Алты Алаштың таңы атар... туар, туар ғажап күн,
Ұмытылар кешегі көрген қорлық, азап, мұң.
Ұлытаудың баурында ұлан-асыр той болар,
Келген құспен ілесіп, көші келсе қазақтың...
Азаттықтың таңы атып, көкжиектен күліп күн,
Жүрегімді жамадым жібін жалғап үміттің,
...Құстар кетті шетелге... жақсылыққа ырымдап,
«Қараторғай» əнімен көңілімді жібіттім...
...Келеді қараторғай...





Пікір жазу