30.05.2022
  134


Автор: Серік Боқан

Тіл туралы жыр

Ойлары өлең боп сөгілген,
Əр сөздің салмағы сезімге көмілген...
Халықтың ғасырлық мұң-зары,
Ақынның жанымен төгілген.
Анамның тілінің қатпары тағылым,
Бұлбұлға сайратқан мейірім мен Тəңірім,
Əн болып самғаған байырғы тіліммен,
Алаштың рухын таныдым.
Аузынан сұңқылдап жыр ұшқан,
Ақынның рухы аспанмен туысқан.
Абайдың жырымен сыр болып оянған,
Тұлпардың дүбірі, алаштың жұлдызы
Шығыстан.
Ай маңдай ұлдары алаш деп туылған,
Ұлт десе тік тұрып жүрегін суырған.
Күн күйіп аспанда, шайқалып қара жер,
Зұлымның қолымен келмеске қуылған.
Тұнжырап ішінде жататын мың тұнық,
Күрмелген тілімнен жүрекке мұң тұнып.
Үйірден адасқан халықтың бір əні,
Ауаны түртініп, кеңістікке ұмтылып...
Шыға алмай əуені, қожырап ырғағы...
Ойлардың салмағын ырғады.
Найзағай тілінен жарық етіп оянып,
Өшкіндеп баратты суреттей судағы...
Шаршаған сол əуен дəрменсіз ұшуға...
Алады мың түрлі рухты қысымға. ...
Тек қана бұл емес біздегі өкініш...
Соңғы сөз жоғалды тілімнің ұшында...





Пікір жазу