30.05.2022
  132


Автор: Серік Боқан

Бостандық және көктем

Нілі бар таңдайда кеппеген,
Сəулелер көгінде дəн болып көктеген.
Көктемнің келуі бір үлкен оқиға,
Құстардың қайтуы
Арман ғой жетпеген.
Ізгілік өзекті жалғаған,
Жазу боп аспанға самғаған.
Құланиектен бостандық əкелген,
Құлап барады күн шары...
Таңқалам!
Тұтқындар барлығын уақыт,
Адамзат сəби ғой жыласа уатып.
Көктесе бір тал дəн, құлайды бір емен,
Уақыт барады бұлттарын шұбатып.
Ақиқат байланған сенімге,
Бір сəуле келмейді екі рет сөнуге.
Өмірдің ақыры тас түнек...
Жарықты қуалап қараңғы желуде.
Бір музыкант тұтқында,
Жүрегі дір етер жылт еткен ұшқынға.
Бір жұлдыз ақса егер қапасты қақ тіліп,
Бір сəуле оянар көзімнің ұшында.
Адамзат ержетті кешегі,
Оларды өсірген құдайдың төсегі.
Жер деген алып бір клетка қозғалып,
Көк теңіз толқыған ғарышты кешеді.
Адам сезіміндегі белгісіз заңды ұққан,
Ақиқаттағы парасат майданын жаңғыртқан.
Бостандық ядросы ақын қиялымен жырланып,
Адам жүрегіндегі зарды ұқққан.
Қанатын жайған,
Ақ үрпек еркіндіктерім қайран.
Асқазанның шыңырауынан ұшып өледі,
Топшысы жартасқа соғылып қан-қан.
Өктемдік қалай орнаса,
Солай күйрейді мезгілмен қолдаса.
Кеуделер түрмеге, жүректер зынданға
айналар,
Бостандық сəулесі маңдайға қонбаса.
Көктемге кеткендей тіл шығып,
Жыр болып көктейді тіршілік.
Қайран адам-ай, сенде жоқ бостандық,
Саған ғибрат – бүрлеген бір шыбық...





Пікір жазу