30.05.2022
  130


Автор: Қуаныш Дəлей

Романтика

Шарап ішіп шаттанатын мен емес,
Шалқып сөйлеп мақтанатын мен емес.
Қиялымда:
Хордың қызы күн сынды,
Не бір ұлы соғыстар мен төбелес!...
Қанжарларын айға білеп атылған,
Арыстан бас жауынгерлер –
Батырлар!
Сағыныштан жаны уланған арулар,
Қанға басын тығып өлген ақындар...
Құба түзде қайраңдаған кемелер –
Көп төбелер...
Құлазыған төбелер...
Күңгірт бояу –
Кешкі сағым...
Мұңлы аймақ,
Қу сүйекте көктеп тұрған жебелер!!!
Жүрегімді қарып өткен түнгі ызғар,
Əрі жақын əрі шалғай жұлдыздар.
Бұрымынан жалбыз иісі бұрқырап,
Ермен дəмі ернінде бар гүл-қыздар...
Төсін керген түнім барда паңдана,
Қолым созып қайтем жарық таңға ана!
Қиялымда:
Айбынды һəм такаппар
Жəне мұңлы сол дала.
Мұңлы дала,
Жоқ рухы –
Жоқ ермен...
Батыр да жоқ,
Ақын да жоқ...
Мен – өлгем!!!
Құлағы жоқ адамдардан безініп,
Өз мүрдеме өлең оқып берем мен...
Өмір қашан тазарған-ды кір-қоңнан,
Бабам айтқан:
Əй, қу жалған,
Бұл жалған!!
Аққу құсқа кетті айналып рухым,
Мүрдемді іздеп қапылыста ұрланған...
Күресінге көмген гүлдер –
Таза арлар,
Тұманды ойлар...
Мұңлы, сырлы ғазалдар.
Тағылымдар –
Тас мүсіндер балбалдар...
Мағынасыз қақтығыстар,
Мазарлар...
Жеті ұжымақ –
Жеткізетін жол қалмай,
Жеті тозақ –
Бізге пана болғандай!!
Екі дүние ортасында сенделген,
Сен де,
Мен де,
Бəріміз де сормаңдай!...
Ақ ордалар албастыға мекен боп,
Билейді олар жүрегіңді мекендеп.
Ойламайсың...
Ойлатпайды жəне олар,
Бұл сахара өзімдікі екен деп!!
Қарақшылар –
Қаны сұйық көзелдер,
Торуылдап жатыр алда кезеңдер...
Сары құмның баса алмайды сарығын,
Тамырымда тулап аққан өзендер!
Жеті ұжымақ –
Жеткізетін жол қалмай,
Жеті тозақ –
Бізге пана болғандай!!
Екі дүние ортасында сенделген,
Сен де,
Мен де,
Бəріміз де сормаңдай!...





Пікір жазу