30.05.2022
  157


Автор: Ерлан Нұрдықанұлы

Қабір қазып қалдырдың ба қағазға

Ақыретіңе айналғанда ақ өлең,
Зиратыңды қайдан көрдім,
Аға, мен?!
Қабір қазып қалдырдың ба қағазға,
Бас иер деп барша қазақ, бар əлем.
Ақыретіңе айналғанда ақ өлең,
Қабіріңді қайдан көрдім,
Аға, мен?!
Гүлге жерлеп кеттің бе əлде рухыңды,
Ақым қазып ақ қанатты арамен.
Бəлкім, сені жалғастырып даламен,
Жапырағына жасырды ма нар емен...
Қолым жетсе аспандағы айды да,
Қайран аға!
Қабіріңе қадар ем.
Ағаш болса жапырағына жасырған,
Жапырақтар шөлін бассын жасымнан.
Жанарымнан түсті үзіліп мінеки –
Жаралы жыр – жалғыз тамшы жасыл қан.
Жаралы жыр – жалғыз тамшы жасыл қан,
Сəлем саған тым қатыгез ғасырдан.
Қабіріңе жиналар ма бір күндер,
Қайран қазақ тарыдайын шашылған.
Ақыретіңе айналғанда ақ өлең,
Қабіріңді қайдан көрдім?..
Аға, мен –
Теңіз болсаң, ақбұлаққа айналып
Саған қарай тым асығыс ағар ем.





Пікір жазу