30.05.2022
206
Таң бөбегі
Жылай-жылай көкжиектің көзі ісіп,
Қамығады өз көз жасын өзі ішіп.
Қанатынан нұр тамшылап,
Сол жақтан –
Келеді бір жасыл қанат сөз ұшып.
Ол –
Аңсаудан жаратылған ай құсы,
Қанатында қараңғылық қайғысы.
Жер бетіне жеткен екен ақыры,
Менің Мəжнүн жүрегімнің Лəйлісі.
Шексіздіктің аспан текті сөзінен,
Көбелектің сұлу мұңын сезінем.
Талықсыған таңдайыма тамызды-ау,
Жаппар Ием,
Көкжиектің көзінен...
Ей, ұлы сөз!
Сенің жасыл реңің,
Сезіндірер аспанилық нұр елін.
Мен не дейін,
Көлеңкенің қойнында –
Көп ұйықтаса шайырға тəн жүрегім?!
Таң бөбегін орап ыстық ақ қарға,
Көктем болып кеттім міне ақпанда...
Қандай бақыт сенің ұшып жеткенің,
Мен өлеңге қабір қазып жатқанда.