30.05.2022
  128


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Сұрапыл кезең

Ел жайлаған ашаршылық кез еді,
Тіршіліктен қалайша адам безеді.
Күзгі шөптей қуаң тартқан, халықтың
Нәр тартпаған сарғайыпты өзегі.
Мал түгілі, тұяқ та жоқ халықта,
Белшесінен батты ғой ел салыққа.
Қош айтысып күбірледі қыршын жас
Өз орынын таппағандай жарықта.
Не қилы қайғы болды екен жалғанда,
Сол үшін халқым тағдырға сеніп алданба!
Тазы боп ілес, заманын түлкі қу болса,
«Е, алла қуат бітіре гөр» – деп талғамға.
Адамды зар қып, жарықшақ бауыр бидайға,
Жанаттан жанды қумай-ақ қойсаң болмай ма?
Адамдық қауым аштықтан жапа шекпе деп,
Жеткізген үшін мың да бір алғыс құдайға.
Алатаудың баурайына ел қонған,
Күзгі суық, қалжыратқан ел тоңған.
Қорек етер ас аухаттан айрылып,
Адасқанын білді енді ел жолдан.
Тамақ іздөп кетті әркім әр қалай,
Жан қайғы мен өмір жүгін арқалай
Әлі кеткен құлап жолда үзілді,
Талай жылдар келген талып шаршамай.
Бұл жолаушы ер еді Абылай атты,
Ерлігімен танылған мінезі қатты.
Күші судай тасыған айбарланып,
Екі қолмен ойнатқан екі қапты
Жүрек жұтқан батырға қайғы батты,
Елге деген сезімі от лаулатты.
Қайтсем елді құтқарам деген сезім,
Жүрегіне тереңдей бойлап жатты.
Осы оймен батыр тартты Түлкібасқа,
Қалжыраған ойының бәрі аста.
Түлкібастан төрт-бес қап ұн табамын деп,
Жата алмады үйінде елі ашта.
Дел-сал боп келе жатты көк есекпен,
Түрғандай жаңа ғана тас төсектен.
Сонда да жота-сайды көзбен барлап,
Келеді жұмыс істеп ойша есеппен.
Түс қайтып бара жатыр кешке айналып,
Қарайып жердің түсі көз байланып.
Күрсінді батыр қарап батқан күнге,
Жүріп кетті тұрды да сәл ойланып.
Келеді сайға түсіп, қырға шығып,
Суық жел бірде соғып, бірде тынып.
Басшы айтса бас ұсынған сорлы қазақ,
Тоқтыдай боран тиген кетеді ығып.
Деген ой мазалады ер намысын,
Өлімге барар еді елі үшін.
Малыңды тізіп беріп, кәмпескелеп,
О, халқым жігер қайда, қайда күшің.
Қай жерге аяқ бассаң өлген адам,
Ілгері қалай ғана жол тарта алам.
Соншама ел боздағын қойныңа алып,
Қалайша шыдап жатсың қайран далам.
О, қазақ маңдайыңда сорың қалың,
Жақсы деп айта алмаймын әл-аухалың.
Шашырап тарыдай боп жүрмегенде,
Сан азап шекпес едің болсаң қауым.
Осы ой мазалады қайта-қайта,
Жалықты өзіне-өзі айта-айта.
Басшы етіп қарғылы итті айдап салған,
Бұйрығы Сталиннің – «елді жайпа».
Қарғылы ит құдай атсын, қарғыс атсын.
Сезімі жоқ жүрегің тас боп қатсын.
Кінәсі жоқ халықты қойдай қырып,
Күл боп кетпей көріңде қалай жатсың.
Елім деп еңіресем кім қосылар?
Қазақтың көп қасы бар, қай досы бар.
Өр Абай, ғалым Шоқан, ұстаз Ыбрай.
Қазақтың жан ашыры міне осылар.
Түн болды қараңғылық қоюланып,
Ай шығып, ашық аспан болар анық.
Алыстан итқұс үні естіледі,
Жоламай тұрғандай-ақ мұны танып.
Долана бетте тұрған Дәу сияқты,
Қалыңға жасырынған жау сияқты.
Байғызы зарлы үнмен дауыс беріп,
Дюлар мекендейтін қау сияқты.
Әр жерде сүйек жатыр ағараңдап,
Құс болса ұшар еді биік самғап.
Асыл халқым осылай жексен болса,
Қалайша қазақ деген ұрпақ қалмақ.
Көкте тұр бұрынғыдай алтын ай да,
Алатау бір орнында қашар қайда.
Қазаққа қайғы бұлты сор боп жауып,
Сан өлік қаптап жатыр жота-сайда.
Таң да атты арайланып көк апанда,
Ай мен күн көк зеңгірге таласқан ба?
Тек қана жел айдаған қара бұлт,
Таласқан күндіз-түні көк аспанға.
Қыр-саймен жүре отырып жолға түсті,
Қарны аш, бір жағынан су да қысты.
Жол бойымен құлдилап суға түсіп,
Ақсудың бал суынан қанып ішті.
Су ішіп мауқын басып, жүріп кетті,
Балдай су қайтарады түрлі дертті.
Шаршаған кібіртіктеп, байғұс есек,
Су ішіп, шөлі қанып жөнеп кетті.
Ақсуым суың қандай, балдай тәтті,
Шыңдарың таң қалдырған адамзатты.
Құшағың көк шалғынды гүлге толы,
Жасқанбай қабылдаған жақын – жатты.
Қайғысын Абылайдың Ақсу шайды,
Көңілі жай тапқандай, кетті қайғы.
Жол тартты, шабыттана жігерлене,
Елемей тастақ-тасты, жота-сайды.
Алдында қара үңгірлі дәу жартас тұр.
Үңгірде бүгжек қағып екі адам жүр.
Ортада буы шығып сақылдаған,
От үстінде қап-қара дәу қазан тұр.
Бұлар кімдер, адам ба, әлде жан ба?
Мүмкін пірі шығар-ау жартастың да.
Не де болса көрейін жақын барып,
Әлде жүрген тығылып сұм қашқын ба?!
Жақын келіп қараса адам екен,
Жартасты лашығындай, қылған мекен.
Осынша күн, нені жеп тірі жүрген,
Бұл не деген адамдар жаны бекем.
Деді де еппен түсті көк есектен,
Алып дене, жүмыр сан, ет кесектен.
Амандасып, жайласып отырған соң,
Елін, руын сұрады кезекпенен.
Бірі тұрды қазанның отын шұқып,
Желеулетіп артына тасын тығып.
Алдындағы ұр дегендей ымдады да,
Көрсетті, оны нұсқап, қолын нұқып.
Жалт қараса артында келіп қапты,
Ширығып күшін жинап, қатты-қатты.
Жұмыр дене батырдан сескенді ме,
Тапжылжымай орнында тұрып қапты.
Қазанды қараса ашып – адам еті.
Қазанның толып-ақ тұр битке беті.
Көздері шыға жаздап шарасынан,
Сорпадан көрінгенде өкпе шеті.
– О, құдай, өмір шіркін не боп кетті.
Неліктен қазақ сорлы запы шекті.
Қанша жыл өмір сүріп келсе дағы,
Қай атаң аштықпенен адам жепті.
«Не деген адамсыңдар әруағы ұшқан,
Қасқырдай ішкен асын қайта құсқан.
Өлместің қамын жасап адам жеген,
Білінді арсыздығың осы тұстан».
«Бар қазақ, өз бауырың, өз жақының,
Аштықта жер қапты ма басты ақылың.
Құлқынның көмейіне қазақ жақын,
Дегені дұрыс екен улы ақынның».
«Қай-қайсың, қазақ тірі болсын дейсің,
Қазір адам, сәлден соң досты жейсің.
Сендерден өз етіне жерік болған,
Ұрпақ туар, елім деп егілмейтін».
Деді де ашуланып жүріп кетті,
Денесі зіл боп, салы суға кетті.
Қашса да қуып келген жан қайғысы,
Мазалап әлсіз ойын әлек етті.
***
– «О, жалған қалай бізді қырсық шалды,
Қасқырдан кем болдық па құйрық жалды.
Жақсы емес пе жастанған қара жерді,
Жүретін жерді басып не ар қалды».
«О, құдай кеше алмассың пақырыңды,
Аштықта дос тұтпадым жақынымды.
Ақылсыз бейбақтарға ой салдырған,
Өлемін пірдей тұтып ақылыңды».
Деп қоштады серігі жанындағы,
Сөніп қалған сезімі жалындады.
Өлім тілеп ах ұрып құсаланып,
Өмір тілеп құдайға жалынбады.
Батыр қайтты астық ап Түлкібастан
Тәуба қылып астыққа, қайғы қашқан.
Рахметулла бауырының арқасында,
Аз да болса қүтылмақ болды аштан.
Бауыры іс атқарған темір жолда,
Көп емес аз да болса бидай қолда.
Қапшығын орталап ап, есекке артып,
Абылай кері қарай шықты жолға.
Олжаға шүкірлік қып, батыр қайтты,
Есіне ап жан түршігер әлгі жайтты.
Екеуі екі жерде өліп жатыр,
Бұны көріп батырдың райы қайтты.
Кім жазықты, бүл іске кім кінәлі,
«Галащекин» - деп дала шыңғырады.
Кетті босып шет елге қайран қазақ,
Бұл іске «Галащекин» шын кінәлі.
Кейінгі ұрпақ бұл сөздің жайын түсін,
Көрдің ғой бөтен ұлттың қылған ісін.
Еліңе қорған болуға бағытталсын,
Тасыған кеудеңдегі жігер күшің.
Саған олар жаны ашып, қарамайды,
Қазақпын деп кеудеңді көрсеңдағы.
Сені олар адамға санамайды,
Өзімізді-өзіміз билемесек,
Жат адамды басшы ету жарамайды.
Қайран елім сен енді жыламағын,
Жетеді, осынша жыл жылағаның.
Елімнің тыныштығын қалар едім,
Менен басқа ештеңе сұрамағын.
Қайран жүртым, сен енді жыламағын.





Пікір жазу