30.05.2022
  172


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Көктем жаңбыры

Көктемнің алғаш жаңбыры,
Жүректің мәңгі ән-жыры.
Жүрегі нәзік арудың,
Айтқан бір ішкі жан сыры.
Көктемнің алғаш жауыны,
Сезімнің қимас бауыры.
Алғашқы көктем жаңбырын,
Аңсаған үзбей тау ұлы.
Тау ұлы менмін, тау ұлы,
Көктемнің алғаш жауыны.
Қаламым менің ақ тұлпар,
Жазудан кеппей сауыры.
Қаламым менің ақ тұлпар,
Қиялым, ойым ақ сұңқар.
Есігім ашық, келіңдер,
Қайсысың маған жақсыңдар.
Жауынын сүйем көктемнің,
Бірталай көктем өткердім.
Сұлулығына көз тоймас,
Көк өскен, жасыл бөктердің.
Жасыңды төгіп көктемім,
Күледі кейде көкте күн.
Жыр етсем сені көктемім,
Айыптап мені, сөкпегін.





Пікір жазу