Мәдиге
Көп жыл іздеп таптым-ау жолдасымды,
Білсе керек жаман дос болмасымды,
Мен сөзімді айтқанша достық жайлы,
Айнымас алақанын ол да ұсынды.
Керемет дейді қарттар, қайран жастық,
Адамды жастық оты тастар мас қып.
Екеуміз екі бөлек өмір кешіп,
Жиырмаға келген жылы, қол ұстастық.
Дос болу әлі алда өмір жетсе,
Түседі жабыққанда бұл да еске.
Ақыреттік дос болып қалсақ деймін,
Ажалдың келері хақ, ерте-кеш пе.
Жігітсің жалыны бар жүрегіңде,
Өзің бол сүйенішім, тірегім де.
Маған салса достықтың символы етіп,
Апарып қояр едім Кремльге.
Достығыңды керсетіп ісіңменен,
Кешірші кезім болса түсінбеген.
Барлығын да езіңе құрбан етем,
Не сұрайсың достығың үшін менен.
Бақыт сұра сен менен ұшпайтұғын,
Басыңда мәңгі бақи қыстайтұғын.
Атақ-даңқ, байлық-дәулет, барлығы да,
Керегі жоқ, достым саған ешқайсының.
Жүрек сұра сен менен сезінетін,
Жаны ауырса, жаншылып езілетін.
Сезім сұра білдірер ғашығыңа,
Болашақта арман боп кезігетін.
Бәрін сұра мен сенен аянбайын,
Ойымды өлеңменен баяндайын.
Сен де жүр адал достық кемесіне,
Мендағы сенімен бірге аяңдайын.
Дамысың өркендесін достық ұғым,
Құдайым екеумізді қосты бүгін.
Бүгінгі күн, бақыт күн біздер үшін,
Бастамасы болсын тек достығымның.
Дамысын, өркендесін достық ұғым.