30.05.2022
  152


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Түс көремін

Түс көремін,
Түсімде шаттанамын,
Биік шыңның басында бұлт құшып.
Кейде алыс сапарға аттанамын,
Қалықтап, жапырақтай жерге түсіп.
Түс көремін,
Түсімде жүрем жүзіп,
Көкпеңбек көк айдынды теңіз кешіп.
Кенеттен болады екен адам қызық,
Оянып кетсем кейде, амал нешік.
Түс көремін,
Түсімде тауды көрем,
Тау еріксіз өзіне шақырады.
Тау жайлаған керемет бауды көрем,
Соны кезіп жүрегім аһ ұрады.
Түс көремін,
Түсімде маған қымбат,
Ана жан сені көрем, сені көрем.
Жырымды мұңымменен тұрсың тыңдап,
Түсімде де сені ойлап тебіренем.
Түс көремін,
Қызық та, қайғылы да,
Кейде шошып оянамын, түсім қашып.
Түс екен деп ұмытып қайғыны да,
Дүрсілдеген жүректі қоям басып.
Түс керемін,
Түсімде жүремін тасып,
Қиялға да бергісіз қызық қуып.
Қайғы-мұң, қасіреттің бәрін басып,
Жүрекке жыр құямын, мұңын жуып.





Пікір жазу