30.05.2022
  149


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Сегізаяқ

Жаным күйіп,
Қайғы жиып,
Қапа болып жалғанға.
Жүрекке мұң,
Көңіл кірбің,
Разы болмай салғанға.
Ғайып үміт,
Қайғы тұнып,
Қарс айрылып жүрегім.
Жанымды ұққан,
Дос боп шыққан,
Қайда кетті тірегім.
Ғайып жалған,
Кімдер қалған,
Мәңгі мына ғаламда.
Көңіл боп пәс,
Жүрегім жас,
Ерік бердім қаламға.
Сөз маржаның,
Өз маржанын,
Ақ қағазға тізбелеп.
Бақыт қонар,
Жақсы болар,
Үмітіңді үзбе деп.
Сырым да көп,
Жырым да көп,
Айтылмаған ағылып.
Сырым менің,
Жырым менің,
Қаламыма бағынып.
Жұбатып ем,
Жылатып ем,
Жүрегімді жаралап.
Сүйсем дағы,
Күйсем дағы,
Кеттің мені қаралап.
Жаным күймей,
Қайғы түймей,
Жүре ала ма жалғанда.
Жетпес шың да, Қайғы мұң да,
Жүрегімде қалған ба.
Қайтем енді,
Қайғы жеңді,
Жүрегімді жандырып.
Бәрін біліп, Мұңсыз күліп,
Жүрсің ғой сен, сән құрып.
Жүрегің жас,
Жүрегің тас,
Өзің неткен жан едің.
Кешке салған,
Ләззат алған,
Жүрегімнің әні едің.
Қинап жанды,
Кеттің мәңгі,
Мендік емес, не дерсің.
У махаббат,
Қу махаббат,
Арманыңа жетерсің.





Пікір жазу