30.05.2022
  188


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Сезім туралы

Өмір-ай неткен қызық ең,
Жаз бойы және күзімен.
Білмеймін, түпсіз мұң тұман,
Көктемгі бұлттай тізілген.
Тізілген тұман сейілмей,
Тас жүрек тексіз пейілдей.
Қозғап бір мұңын жүректің,
Сіресіп қапты-ау жейілмей.
Көктемде және қысымен,
Жұмысы болмай кісімен.
Жүректі неге торлайды,
Әрине оны түсінем.
Сезімің сел боп жаралсаң,
Сезімнен мәнгі нәр алсаң.
Сезім де түпсіз құдірет,
Түбіне бойлап бара алсаң.
Сезім деп соғар жас жүрек,
Сезімсіз адам тас жүрек.
Сезімсіз болған оңай да,
Сезімді болған ащырек.
О, менің қиял арманым,
Жүректің мұңын ащы кеп.
Ой түбі терең, мұңайтып,
Түсімде жүрсің сыр айтып.
Сағындым сені арманым,
Кетсейші мені тыңайтып.
Өмірдің сыйы осы ма,
Күтіп ем сені тосыла.
Жанымды менің ұқпаса.
Сыр айтам қалай досыма.
Жүрсең де алыс шалғайда,
Қайғыршы менімен қосыла.
Сергелдең болып сезімім,
Бар екен бірақ төзімім.
«Ұлының» – өткен кешегі,
Артында қалған көзімін.
Сезімім жанды қинамай
Жүрмейді қайғы жинамай,
Қаламын қайтпас жолдасым,
Ішіме бәрі сыймады-ай.
Ақтарсам ішкі сезімді,
Қайтемін жүрек езілді.
Жырласам жырлап өтем де,
Балауса жастық кезімді.
Хабарың келмей алыстан,
Қайғымен сезім алысқан.
Сезім мен муңды тізгіндеп,
Алысқан жүрек арыстан.
Бұл өмір бізді алдай ма?
Сен жүрсің алыс шалғайда.
Үзілген жастық сезімді,
Бұл өмір қайта жалғай ма?
Кім біледі мүмкін жалғамас,
Сен жүрсің алыс шалғайда,
Қай адам қайғы шекпейді,
Жақсылық болсын тек мейлі.
«Сезім» – деп мас боп жүргендер,
Өзіңе сірә жетпейді.
Өмір-ай, қайран, өмір-ай,
Өтсе де сені жыр есіп.
Тіл қатпай тұрсың сіресіп.
Момақан бола қалсаң да,
Өзіңмен өтем күресіп.





Пікір жазу