Егемендік туралы
Кетпей тұрып қазағымның еті өліп,
Егемендіқ,
Ел еңсесін көтеріп.
Ел басының алып берген бақытын,
Мәңгі дастан, мәңгі жыр қып өтелік.
Қалың елім,
Көптен күткен арман ғып.
Кеш те болса дер кезінде қармандық.
Уақытша адастық та,
Уақытша алдандық,
Әділеттің ақ жолында жаңардық,
Ақ ниетке жараспайды жалғандық.
Кір келтірмей сенімге,
Құлаш сермер кезің келді сенің де.
Жатсаң дағы, тұрсаң дағы елім де.
Одан сенің абыройың өспесе,
Одан сенің түгің кетпес тегінде.
Абыройым, арым менің, отаным,
Отан менің шаңырағым, отаным.
Отан деген, қорғаны ғой сәбидің,
Жанарындай жәудіреген ботаның.
Ана тілім – таусылмайтын тақырып,
Тілсіз адам,
Адам емес мақұлық.
Ана тілім жете алмай жүр мәреге,
Сол қайғыдан жүрмін бүгін аһ ұрып.
Ел ордасы – Астанам.
Сенен бақыт, сенен құдірет қашпаған.
Сен гүлдесең қуанады кәрі де,
Қуанады орта буын, жас балаң.
Сен тұрғанда айдай ару жас қалам,
Жылу іздеп не қыламын басқадан.
Желтоқсанның қарып өтіп ызғары,
Құрбан болды қазақтың ұл-қыздары.
Құрбан болды-ау қыршынынан қиылып,
Таусылмастан тұз-дәмі.
Жастар еді отанымның қорғаны,
Ұрып-соқты жәбірледі қорлады.
Еңбектерің еш кетпеді, тек енді,
Аруақтарың жебеп жүрсе болғаны.
Ойға батсам от жүрегім езіліп,
Қазағымның тұрады орны сезіліп.
Бөтен елде бодан болған халқым-ай,
Өз жерінен өзі кетті безініп.
Толғандырып мені елдің ертеңі,
Тарих – тағлым бір үзік сыр шертеді.
Бір жағадан бас шығарсын бауырлар,
Айыр қалпақ, тақиясы, телпегі.
Түркі елінің тағын көксеп таймаған,
Куә боп тұр Түркістанда «Тайқазан».
«Алтын адам», ел мұрасы кеп жеткен,
Отаны үшін бес қаруын сайлаған.
Қан төгіссіз жеттік тоба,
Теңдікке.
Бостан-босқа өмір сүріп келдік пе?!
Өз тізгінің өз қолыңда қазағым,
Ұмтылайық елдікке.
Егеменді елміз дейміз, еңселі,
Деп жүруші ек, «қазақ тілі енсе еді»,
Ана тілін ардақтамай басшылар,
Өзге тілдер жаңғыртады кеңсені.
Көптен күтіп, қолы жеткен, сағына,
Қарамайды, бұл қазағың заңына.
Мәңгүрттіктің бұғауынан босамай,
Егеменді елміз дейміз, тағы да.
Өз алдына көтердік қой шаңырақ,
Сол шаңырақ, қалмасын тек қаңырап.
Нарық қысып, есі кеткен халқым-ай,
Тілегім сол қалмасыншы аңырап.
Егемендік, айтуға оңай қашанда,
Өлеңменен, өкінішті басам ба?!
Қыршын жастар,
Оққа қойып кеудесін,
Жүрексіздер, жүрді-ау сенің тасаңда.
Егемендік, айтуға оңай қашанда.